Қоғам

Миллионға жуық қазақстандықтың табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз

Түркістан, Алматы облыстарында және Алматыдағы ахуал өзге өңірлерден нашар
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 19 сәуір — Sputnik. Қазақстанда табысы күнкөріс деңгейінен төмен үй қожалықтарының саны өсті.
2021 жылдың төртінші тоқсанында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз үй қожалықтарының саны бір жыл ішінде 9,9%-ке, яғни 154,4 мыңға дейін өсті. Барлығы 928,3 мың адам, бір жыл бұрынғыға қарағанда 8,1%-ке артық.
2020 жылдың төртінші тоқсанында мұндай үй қожалығы саны 140,6 мыңға жетті, бір жылда 12%-ке өсті.
Сондай-ақ, 2021 жылдың төртінші тоқсанында 2,4 мың үй қожалығындағылардың табысы азық-түлік себеті құнынан да төмен болды, деп хабарлайды Ranking.kz.

Өңірлер көрсеткіші

2021 жылдың төртінші тоқсанында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз үй қожалықтарының ең көбі Түркістан облысында - 25 мың. Одан кейін Алматы (14,9 мың) және Алматы облысы (13,8 мың) тұр. Мұндай үй қожалықтарында тұратын халық саны Түркістан облысында 186,8 мың адамға жетеді. Алматы облысында — 94,5 мың, Алматыда - 90,5 мың адам.
Табысы төмен үй қожалықтарының ең азы Атырау облысында - небәрі 3,4 мың.