ПЕТРОПАВЛ, 19 сәуір – Sputnik. Петропавлда аш адамның кесірінен шаурма әзірлейтін павильон өртеніп кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Павильон иесі әлеуметтік желіде хабарлағандай, қала тұрғынының кесірінен мекеме өртеніп, жұмысын тоқтатқан.
"Ол біздің қоғамдық тамақтану мекемемізге заңсыз кіріп, сол жерде отқа ыстық тағам пісіруді ұйғарған. Оның бұзақылық әрекетінен бізге аса ірі көлемде материалдық залал келді. Қазіргі уақытта өртеген адам анықталды. Петропавл қалалық полиция басқармасына бұл факт туралы арыз жазылды", - деді шаурма дүңгіршегінің иесі.
Мекеме тергеу нәтижесі шығып, қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанша жұмысын тоқтатты.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек Қазақстан Қылмыстық кодексінің 202-бабы 2-бөлігі "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілгенін хабарлады.
"Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Өрт-техникалық сараптама тағайындалды", - деп түйіндеді полиция.