Өңірлер

Павлодарлық кәсіпкер мешітте бір айдың ауызашарын төледі

Ауызашар кезінде 170 орынның біреуі де бос тұрмайды, дейді бас имам
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 19 сәуір – Sputnik. Павлодарда кәсіпкер мешітте Рамазан айында ұйымдастырылатын бір айлық ауызашардың барлық шығынын төлеп берді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz порталы.
Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіттің бас имамы Жолдас қажы Бертімұратовтың айтуынша, ауызашарға күнде 170 адам келеді. Олардың басым бөлігі – жастар және басқа қаладан келіп оқитын студенттер.

"Мешітімізде тамақ ішетін үш зал бар. Бизнесмен қайырымдылық ифтарға арналған залды толығымен жалдап, Рамазан айындағы ауызашарды ұйымдастыруға тапсырыс берген. Ол Алла Тағаланың рақымы үшін жасап жатырмын дейді. Сол себепті өз атын айтпауды өтінді", - дейді бас имам.

Оның айтуынша, ауызашар кезінде 170 орынның біреуі де бос тұрмайды. Рамазан айында мешітте ауызашар ұйымдастыруға барлығы 5 миллион 400 мың теңге жұмсалады. Бұдан бөлек, оразаның соңғы он күні қалғанда орталық мешітте сәресін ұйымдастыру жоспарланған.
Дерекқор
Оразада ауызды неге құрмамен ашады?