НҰР-СҰЛТАН, 19 сәуір – Sputnik. 2030 жылға қарай Қазақстан жыл сайын бір миллионға жуық жаңа жұмыс орнын ашуы қажет болады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр алдағы жылдары еңбек нарығына бірқатар сын-қатер әсер ететінін атап өтті.
"Атап айтқанда, жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңнан астам жас қосылады деген болжам бар. Яғни, 2000 жылдан кейін немесе демографиялық қолайлы жағдайда дүниеге келген тұлғалар еңбекке жарамды жасқа жете бастады. Сарапшылардың есебіне сәйкес, 2030 жылға қарай еліміздегі жұмыс күшінің 74%-ін миллениалдар мен Z буынының ұрпақтары құрайды. Егер еңбекке қабілетті жастар мен жұмыссыздарды бірге есептесек, онда экономикада жыл сайын бір миллионға жуық жаңа жұмыс орнын ашу қажет", - деді Дүйсенова үкімет отырысында.
Айтуынша, соңғы жылдары қазақстандықтарға мемлекет пен квазимемлекттік сектор ғана жаңа жұмыс орындарын ұсынып отыр.
Сонымен қатар өте жылдам таралып жатқан технологиялар мен инновациялар еңбек ресурстарының жаңа генерациясын талап етуде. Аталған сын-қатерлер мамандарды даярлау жүйесін әрі қарай тереңірек жаңғырту қажет екенін көрсетеді. Ұлттық біліктілік жүйесі осы жұмыстың негізіне айналады, деді министр.
Дүйсенованың айтуынша, Ұлттық біліктілік жүйесі мынадай басты үш сұраққа жауап береді:
"Экономикаға қандай мамандар қажет? Заманауи мамандар нені біліп, нені істей алуы қажет?". Бұл талаптар жұмыс берушінің өздері әзірлейтін кәсіптік стандарттарда бекітіледі.
Екіншісі – "Мамандарды қалай оқытып, не үйретеміз?". Бұл ретте, білім беру бағдарламалары кәсіптік стандарттар негізінде құрылуы қажет.
Үшінші – "Мамандардың біліктілігін қалай танып, қалай береміз?". Бұл бағытты жүйелендіру үшін министрлік кәсіптік біліктілікті танудың бірыңғай жүйесін бекітетін "Кәсіптік біліктіліктер туралы" заң жобасын әзірледі.
Дүйсенова елімізде ұлттық біліктілік жүйесінің негізі бар екенін мәлімдеді. Дегенмен еңбек нарығының сын-қатерлері және ҰБЖ саласындағы проблемалар жаңа жағдайларға бейімделіп, бірқатар проблеманы шешуді талап етеді.