Қоғам

"Балаларым білмейді": түрмеде отырған ШҚО тұрғыны көпбалалы ана атанды

Алты ай бұрын келіншек жол апаты үшін сотталған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында әйел төртінші сәбиін түрмеде босанды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ішкі істер органдарына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, алты ай бұрын келіншек жол апаты үшін сотталған. Сол кезде аяғы ауыр болған. Сот шешімімен Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарайтын ОВ-156/16 мекемесіне қамалды. Жақында ай-күні таяп, түрмеде төртінші баласын туды.
"Түрме қызметкерлері сотталған әйелді дереу перзентханаға жеткізген. Сол жерде төртінші баласы - қыз дүниеге келген. Бәрі ойдағыдай өткен. Шақалақтың денсаулығы жақсы, салмағы – 2 700 грамм, бойы – 48 сантиметр. Анасы 24 сәуірді асыға күтіп жүр. Сол күні бостандыққа шығады", - деді департамент мамандары.
Бұған дейін сот түрмеге қамау жазасын бас бостандығын шектеуге ауыстырған болатын. Осы айдың соңында үкім күшіне енеді.

"Балаларым осында екенімді білмейді. Мені жұмыста деп ойлап, күтіп жүр. Күйеуім жұмыс істейді, ата-анасы бар. Солармен бірге балаларға қарайды", - дейді көпбалалы ана.

Медбике Мұнайма Нұрахметованың айтуынша, абақтыға жүкті әйелдер көп түспесе де, ара-тұра кездеседі. Біреулер түрмеде босанса, енді біреулер оған дейін шығып үлгереді.
"Мекемеде ылғи медицина қызметкері отырады. Екі медбике және бір фельдшер бар. Сотталғандардың медициналық көмек алуға толық құқы бар. Қазір міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істеп тұр ғой. Абақтыға түскен адамның сақтандыру полисі болмаса, осы жерде барлық құжатты рәсімдеп береді", - деп атап көретті Нұрахметова.