АЛМАТЫ, 18 сәуір – Sputnik. Қарағандыда кәсіпорыннан 1,4 миллион теңгенің заты ұрланды, деп хабарлады Polisia.kz.
13 сәуірде Қарағанды қаласының ішкі істер басқармасының Михайлов полиция бөліміне 39 жастағы қала тұрғыны арызданған. Әйел кәсіпкерлікпен айналысатынын және меншігінде өндіріс базасы бар екенін айтқан.
Оның сөзінше, белгісіз біреу терезе арқылы кәсіпорынға кіріп, екі радиатор, қаңылтыр, шойыннан жасалған аралық қабаттарды ұрлаған. Шығын сомасы – 1,4 миллион теңге.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция 37 жастағы ер адамды ұстады. Ол кінәсін толық мойындады. Заттай айғақтар табылды.
Қылмыстық кодекстің 188-бабы ("Ұрлық") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.