НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір – Sputnik. Әділет министрі Қанат Мусин халық мәжіліске нақты қанша депутат сайлай алатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Жаңа өзгерістердің нәтижесінде аймақтық сайлау округтарынан халықтың тікелей дауыс беруі арқылы 29 депутатты сайлауға мүмкіндік беріледі"
Осылайша, мажоритарлық жүйемен төменгі палатадағы депутаттардың 30 проценті сайланады. Ал қалған 70 проценті бұрынғыдай партиялық тізіммен өтеді. Халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланған депутатты кері қайтаруға болады.
"Халықтың атынан белгілі бір аймақтан сайланған депутат өз міндетін және сайлауалды уәдесін орындамаса, онда сайлаушылар оны кері қайтара алады, яғни, депутаттық мандаттан айыруға мүмкіндік болады", - деп атап көрсетті Мусин.
Айта кетері, президент соңғы жолдауында мәжіліс депутаттарының 30 процентін мажоритарлы жүйемен сайлауды ұсынды. Себебі бүгінде сайлаушылар өз өңірінің өкілдерін де танымай жатады. Енді өз өңірінде ең көп дауыс жинаған кандидат мәжіліске өтеді. Оған партияға кірудің қажеті жоқ.
Тоқаев жариялаған тағы бір маңызды жаңалық – императивті мандатқа көшу мәселесі. Оған сәйкес, сайлау алдындағы уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады.
Президенттің айтуынша, "бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы, осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады". Ең бастысы депутаттардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтеді.
Әділет министрінің сөзіне қарағанда, тамызда заң жобалары дайындалады. Ал жылдың соңына дейін тиісті құжаттар қабылданады