НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Павлодарлық қала атауын өзгерту туралы петицияның астына Қазақстан тұрғындарының ар-намысына тиетін пікір қалдырған. Сот құқықбұзушыны үш тәулікке әкімшілік қамауға алды, деп хабарлайды Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.
59 жастағы ер адамның ісі Павлодар қаласы әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотта қаралған.
Анықталғандай, әлеуметтік желіде Павлодарды қайта атау туралы петиция жарияланған. Мұны көрген "М" есімді қолданушы қазақстандықтарға тіл тигізіп, ар-намысына тиетін пікір жазған. Ұсақ бұзақылыққа әлеуметтік желілерге мониторинг жасаған полицейлер назар аударды.
Құқықбұзушы сотта кінәсін толығымен мойындап, өз ісіне өкінетінін айтты.
Сот ер адамды ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Ол үш тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.