Қоғам

Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Жоламанов бостандыққа шықты

Сот экс-басшының денсаулық жағдайын ескерді
Sputnik
АЛМАТЫ, 16 сәуір – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламанов мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Бұл туралы Семей қалалық №2 сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Семейдің №2 соты Жоламановтың заңда белгіленген жаза мерзімінің бір бөлігін өтегенін, жазаны өтеу кезінде өзін жақсы жағынан көрсеткенін, іс жүргізу шығындарын төлегенін, сот үкімі бойынша азаматтық талап-арыз жоқ екенін, жазаны өтеу кезінде 19 көтермелеуі бар екенін ескеріп, жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші бойынша материалдарды қарады", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ өтініш берушінің мекеменің қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны ескеріліп, оған жазасын толық өтеу қажет емес деген шешім қабылданды.
Айта кетері, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әскери сотының 2015 жылғы 6 наурыздағы үкімімен Нұрлан Жоламанов мүлкі тәркіленіп, 11 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтейтін болды. Оған 2014 жылдың 27 қазаны мен 2025 жылдың 27 қазаны аралығында жазасын өтеуге үкім шыққан.
Алайда сотталған Жоламанов шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жазған. Сотталушының адвокаты, мекеме өкілі және Семейдің прокуроры оның өтінішін қанағаттандыруды сұрады.
Нәтижесінде сот Жоламановтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандыру қажет деп тапты. Бұл ретте сотталған азаматтың денсаулық жағдайы да ескерілген.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Қоғам
Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Жоламанов Елбасыға хат жазып жатыр
Еске салсақ, Нұрлан Жоламанов ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басқару, сондай-ақ пара алу фактілері бойынша кінәлі деп танылды. 2013 жылдың жазынан 2014 жылдың күзіне дейін оның ұйымдасқан қылмыстық тобы жалпы сомасы 173 миллион теңгеден астам және 436 мың доллар көлемінде пара алған.