НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Елордалық волонтерлер сенбілік кезінде белгісіз зат салынған күмәнді пакет тапты.
Бүгін қаланың 150 волонтері мен белсенді жастары Есіл өзенінің жағалауындағы қоқысты тазалауға шықты, деп хабарлады Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Ырыскелді қажы мешітінің маңындағы Есіл өзенінің жағалауын жинау кезінде волонтерлерді үйлестірушілердің бірі салмағы 2-3 килограмм болатын күмәнді пакет тапты.
"Волонтер дереу полиция департаментінің қызметкерлеріне хабар берді. Осыдан кейін табылған заттың ішінде не барын анықтау үшін құқық қорғау органдарына тапсырылды", – деп атап өтті қаланың жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.
Оның айтуынша, экологиялық акция өткізу қоршаған ортаны тазартып қана қоймай, адам өміріне зияны тиюі мүмкін осындай заттарды табуға мүмкіндік береді.
"Елордамыздың волонтерлері нашақорлықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік мәдениетін насихаттап жүргені қуантады. Біз елордалық жастардың бәрін осыған шақырамыз", - деді Қамбаров.
Әкімдік сенбіліктерге белсенді қатысқан қала тұрғындары мен қонақтарын күдікті заттар табылған жағдайда дереу полиция органдарына хабарлауға шақырды.