Қоғам

Тоқаев қорғаныс саласында тағайындаулар жасады

Президент қорғаныс министрінің орынбасары мен ұлттық қорғаныс университетінің басшысын тағайындады
Sputnik
АЛМАТЫ, 15 сәуір — Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен қорғаныс министрінің орынбасары мен ұлттық қорғаныс университетінің бастығы тайындалды, деп хабарлады Ақорда.
Осылайша, Дархан Ахмедиев қорғаныс министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Лұт Әлшекенов Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университетінің бастығы болды.

Дархан Ахмедиев туралы не белгілі

Дархан Мейрамұлы Ахмадиев Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің түлегі, "Болашақ" стипендиясының иегері (King's London college). Еңбек жолын 2012 жылы "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ талдаушысы ретінде бастаған.
Әр жылдары төтенше жағдайлар министрлігінде, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде қызмет еткен.
2019 жылдан беріцифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде департаменті директорының орынбасары, директоры қызметін атқарған.

Лұт Әлшекеновтың қызмет жолы

Әлшекенов Лұт Сапуұлы 1966 жылы Астрахан облысы Краснояр ауданы Қараөзек ауылында дүниеге келген. Әскери қызметті Германияда Кеңес әскерлері тобында бастаған, онда артиллериялық взвод командирінен артиллериялық батарея командиріне дейінгі лауазымды атқарды.
Одан әрі Семей қаласында әртүрлі командалық лауазымдарда, оның ішінде бригада командирі лауазымында, Тараз қаласында және Атырау қаласында – өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының атыс зақымдау жөніндегі орынбасары болған.
Нұр-Сұлтан қаласында зымырандық әскерлер мен артиллерияның қолбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы атындағы ұлттық университетінің штаб бастығы лауазымдарында әскери қызмет атқарды. 2020 жылдың наурызынан бастап қорғаныс министрлігі кадрлар департаментінің бастығы болды.