НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. Тимур Тәшімбаев бас прокурордың бірінші орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлады Ақорда.
"Мемлекет басшысының өкімімен Тимур Ғазизбекұлы Тәшімбаев Қазақстан Республикасы бас прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада.
Тимур Тәшімбаев 1965 жылы Алматыда дүниеге келген. 1989 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын Алматы қаласы Фрунзе ауданында тергеуші болып бастаған. Оның прокуратура органдарында тәжірибесі мол.
2003-2007 жылдары Астана қаласы прокурорының орынбасары қызметін атқарған.
2007-2012 жылдары – Қазақстан президенті әкімшілігінің құқық қорғау жүйесі бөлімі меңгерушісінің орынбасары.
2012-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында департамент басшысы болды.
2017-2020 жылдары – Ақмола облысының прокуроры.
2020 жылдың 10 ақпанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасының шешімімен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары болып тағайындалды.