Қоғам

Қостанай әуежайына Ахмет Байтұрсынұлының есімі беріледі

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. "Қостанай" халықаралық әуежайына ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімі беріледі. Тиісті үкімет қаулысының жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды.
"Қостанай" халықаралық әуежайы" акционерлік қоғамына Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілсін", - делінген құжатта.
Үкімет қаулысы 29 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.
Бұған дейін "Орал" халықаралық әуежайының атауы Мәншүк Мәметова атындағы әуежай деп өзгертілген болатын.
Айта кетері, Ахмет Байтұрсынұлы – мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының рухани көсемі, қазақ әліпбиінің тұңғыш реформаторы, ғұлама, ел тарихында өшпес із қалдырған ұлт ұстазы.
Ол 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген.
Байтұрсынұлы Орынбор қаласында өзінің ең жақын сенімді достары – Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық "Қазақ" газетін шығарып тұрды. Қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазып шыққан.
Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы 8 желтоқсанда жазықсыз атылып кетті.