НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. Наурызда тұтыну бағалары 3,7%-ке өсіп, 1996 жылдан бастап осы ай үшін ең жоғары мәнді көрсетті, жылдық мәнде бағаның 12%-ке дейін өсуінің жеделдеуі байқалды, деп хабарлады Ұлттық банк.
"Наурызда азық-түлік тауарлары бағасының өсуі жылдық мәнде 15,4%-ке дейін жеделдеді. 2021 жылдың қараша айында басталған нан-тоқаш өнімдері мен жармаларға бағаның өсуі астық дақылдарының төмен түсімділігіне және әлемдік бағаның жоғары болуына байланысты жалғасты", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, майлар мен тоң майлар, сүт өнімдері мен ет бағасының өсуі жеделдеді. Дүрлікпе сұраныс қант бағасының өсуіне ықпал етті.
Бағаның өсуін жеделдетуге жемістер мен көкөністердің қымбаттауы елеулі үлес қосты, ал көкөністер арасында қырыққабат, пияз, сәбіз, қызанақ және картоп бағасының айтарлықтай өсуі байқалды
Наурызда жылдық азық-түлік емес инфляция 10,9%-ке дейін жеделдеді. Теңге бағамының әлсіреуі тауарлардың барлық топтары бойынша бағаның өсуіне әсер етті.
Импорттық бағаның өсуіне байланысты киім мен аяқ киім мен дәрі-дәрмек бағасының өсуі жеделдеді. Ақылы қызметтер бағасының жылдық өсу қарқыны наурызда 8,3%-ке дейін жеделдеді.
Тұрмысқа жайлы тұрғын үйді жалға алу бағасы сұраныстың артуы және тұрғын үй сатып алу құнының өсуі себебінен өсті. Сонымен қатар, амбулаториялық қызметтердің бағасы өсті. Карантиндік шектеулердің жойылуы сұраныстың өсуіне және сәйкесінше шаштараздар, мәдениет және демалыс қызметтері, мейрамханалар мен қонақ үйлер бағасының өсуіне әкелді.