Пандемия кезінде жұмыс істеген медицина қызметкерлері үстемақыны ала алмай жүр

Індет күшейіп тұрған кезде жұмыс істеген жетпістен астам медицина маманы шыдамдарының таусылғанын айтады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір – Sputnik. Шымкентте пандемия кезінде жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне тиісті үстемақы төленбеген, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Жекеменшік клиникадағы 70-тен астам адам қауіпті вирус өршіген кезде алға шепте болғандарын дәлелдей алмай жүр.
Індет күшейіп тұрған кезде жұмыс істеген жетпістен астам медицина маманы шыдамдарының таусылғанын айтады. Былтыр жазда 1,5 ай қауіпті дертпен күрессек те, үстемеақы түгілі жалақы алмадық дейді.
"Бұйрық бойынша басында 850 мың үстемақы төленеді деп айтылған. Сөйтті де 10-15 күнен кейін ол 420 мыңға түсті деді. Мейлі, халық үшін деп оғанда көндік. Бізде таза айлық 90-100 мыңның арасында болады деді. Оны да мейлі дедік. 1,5 ай жұмыс жасағаннан кейін бұйрықпен бізді жұмыстан шығарып жіберді. Он күннің ішінде сіздерге айлықтарыңызды береміз деп уәде берді. Біз он күн емес бір ай күттік. Содан бері жарты жыл өтті", - дейді медбике Ұлзада Жұманова.
Мегаполистің бас дәрігері клиникаға, клиникадағылар басқармаға сілтеп, ортада доп боп жүрміз, дейді жиналғандар.
Айтуларынша, былтыр жеке клиника енді ашылып жатқанда биліктегілер 100 төсек орындық инфекциялық стационар ретінде жұмыс істеуге көндірген көрінеді. Тіпті ол кезде лицензия алып үлгермегенімізге де қараған жоқ дейді .
"Позилов мырза 23-шілде күні бұйрық шығарады, ол жерде жұмысқа қабылдансын, жұмысшылар жасасын жұмыс. Бұйрықты шығармастан бұрын бірінші қаланың бірінші әкім орынбасары Мұқан мырза мен Позылов мырза екеуі кеп сол мекемені көріп, жұмысқа жарайды екен, жақсы мекеме екен деп "жұмысқа кірісе беріңдер, арғы жағын сендер еш уайымдамаңдар" деп ауызша уәделерін беріп кеткен болатын", - дейді медициналық мекеменің заңды өкілі Ерболат Мырзақұлов.
Алайда сол уәде сөз күйінде қалды дейді қазір жұмыссыз жүргендер. Клиника қордаланған қарыздарына байланысты жабылған. Өйткені төсек орын, дәрі-дәрмек, құрал сайманның бәрін сөзге сеніп, өздері қарызға алыпты. Есептерінше, мекеменің 118 млн теңге берешегі бар.
"Бұйрыққа сәйкес жұмыс жасағандықтан төлеу мәселесін сұраған кезде "Сіздердің лицензия жоқтығын, жылдық жоспарда сіздер болмағансыздар" деген уәжбен қазір бас тартып отыр. Бұл бойынша прокуратураға арыздандық, әкімшілікке арыздандық", - дейді өкіл.
Ал мегаполистің бас дәрігері сол кезде қиын қыстау заман болды. Олардың жұмыс істегенін ешкім жоққа шығарып тұрған жоқ, бәрін реттеймін деп отыр.
"Бізді де түсініңіздер, бізде еріккеннен ашқан жоқпыз ғой. Науқастарды емдеу үшін, өмірін алып қалу үшін істедік. Егер мен соны ашпайтын болсам менде науқастар өледі, осы уақытқа дейін шырылдап жүргенін мен оны мойындаймын. Ешкім ешкімнен қашып жүрген жоқ", - дейді Шымкент денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.
Бас дәрігер сот арқылы бәрі дәлелденеді дейді. Істелген жұмысты ешкім жоққа шығара алмайтынын айтты. Айтуынша, адвокатты да өзі жалдамақ. Істі соңына дейін жеткізу үшін тіпті әр сот отырысына қатысуға да уәде берді.