НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованы қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Президентке биылғы бірінші тоқсандағы жоғары аудит органы қызметінің негізгі қорытындылары, сондай-ақ "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" атты жолдауда берілген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде баяндалды.
"Осы есептік кезеңде 345 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысын қамтитын 14 нысанда 3 аудиторлық іс-шара жүргізілген. Нәтижесінде 30 миллиард теңге көлеміндегі қаржыға қатысты заң бұзушылықтар анықталған. Сонымен қатар "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасына да аралық аудит жүргізілген", - делінген хабарламада.
Мемлекет басшысы бүгінде жеткілікті дәрежеде тиімді болмай отырған "Зерде" ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингін реформалау жөнінде тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата ретінде қайта құру жөніндегі тапсырмасының іске асырылуына қатысты Наталья Годунованың ұсынысын тыңдады.