"Қазақстан халқына" қоры екі балаға шетелде ем алуға көмектесті

Кішкентай қазақстандықтардың өмірін сақтап қалу үшін қордан 52 миллион теңге бөлінді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір – Sputnik. "Қазақстан халқына" қоры екі балаға шетелде емделу үшін қайырымдылық көмек көрсетті.
Қор Атырау қаласының алты айлық тұрғыны Мұса Сұлташевтің Оңтүстік Кореяға медициналық авиатасымалдау ақысын төлеп берді.
Оған туа біткен жүрек ақауының ауыр диагнозы қойылған.
Енді Мұса Сұлташев ата-анасымен бірге Атырау облысынан Кореяның Сеул қаласындағы INCHEON SEJONG HOSPITAL медициналық мекемесіне тікелей арнайы рейспен аттанды.

"Сапар 12 сағатқа созылды, оңай болған жоқ, бірақ біздің кішкентай батыр шыдамды болды. Енді емді бастаймыз", - деді баланың әкесі Жалғас Сұлташев "Қазақстан халқына" қорына алғысын білдіре отырып.

Мұсаның шетелде емделу ақысын қайырымдылық ұйымдардың бірі толығымен өтеп, баланың ата-анасы "Қазақстан халқына" қорына медициналық транспорттау ақысын төлеуге өтініш білдірген.
Сондай-ақ қорға Батыс Қазақстан облысы, Ақсай қаласының тұрғынынан Мәскеу қаласындағы "Акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық медициналық ғылыми орталығында" жасалатын хирургиялық емдеудің екінші курсын төлеп беруге қатысты өтініш түсті.
Қор науқастың екінші емдеу курсын төлеу туралы шешім қабылдады. Қазір қыз ата-анасымен бірге ауыр ота жасатуда сапарға дайындалып жатыр.
Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кішкентай қазақстандықтардың өмірін сақтап қалу үшін қордан 52 миллион теңге бөлінді.