НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір – Sputnik. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстаннан, шамамен, 100 миллирд доллар заңсыз шығарылды. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестицияларды алатын болсақ, оның көлемі үлкен, 30 жылдың ішінде 400 миллиард доллардан асады. Бірақ ондаған миллиард шығарылған, шамамен, 100 миллиард, одан сәл көптеу шығар", - деді Қуантыров брифингте.
Қазіргі кезде шетелдегі капиталды қайтару бойынша арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Әділет министрі Қанат Мусиннің айтуынша, алдағы уақытта қаржының қайтарудың нақты тетіктері енгізіледі.
"Бүгінде шетелдегі капиталды қайтару жолдары қаралып жатыр. Бұл оңай шаруа емес. Оны бірден шешуге болады деп айта алмаймын. Бірақ қажетті шаралардың бәрі атқарылып жатыр", - деп атап көрсетті Мусин.
Капиталды қайтару шараларының ішінде салықтық және салықтан тыс ынталандыру тетіктері бар.
"Қазіргі кезде біз салықтық ынталандыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бір жағынан ақшаны жылыстатуға тосқауыл қоямыз. Мәселен, салықтық шаралардың бірі – ол дивидендтер бойынша жеңілдіктерді алып тастау. Бұрын инвесторлар оны төлеймейтін. Оны бас компанияға шығаруға немесе белгілі бір қызметтерді сатып алуға мүмкіндік болған. Біз салықтық жеңілдіктер де жасаймыз", - дейді министр Қуантыров.
Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексіне өзгерістер енгізу бойынша заң жобасын әзірлеуге кірісті.