Экономика

ЕАЭО елдері өзара есеп айырысуда доллардан бас тартуға тырысып жатыр – Ресей СІМ

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір – Sputnik. ЕАЭО елдері өзара есеп айырысуда доллардан бас тартуға тырысып жатыр. Кейінгі санкцияларға дейін операциялардың 70%-тен астамы ұлттық валюталарда жүргізілген. Бұл туралы РИА Новостиге берген сұхбатында Ресей СІМ ТМД елдері бірінші департаментінің директоры Михаил Евдокимов мәлімдеді.
"Өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарды кеңінен пайдалану және доллардан бас тарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде", - деді Евдокимов.
Айтуынша, Батыс Ресейдің қаржы және банк жүйесіне бұрын-соңды болмаған шектеу шараларын енгізгенге дейін ЕАЭО елдерінің өзара есеп айырысуында ұлттық валюталардың үлесі 70%-тен асқан.
Батыс елдері Украинаны демилитаризациялау бойынша арнайы операция басталғаннан кейін Ресейге қарсы қатаң санкциялар енгізді. Наурыз айының басында Еуроодақ жеті ресейлік банкті SWIFT жүйесінен ажырату туралы шешім қабылдады: бұл ВТБ, "Россия" және "Открытие" банктері, Новикомбанк, Промсвязьбанк, Совкомбанк және ВЭБ.РФ мемлекеттік корпорациясы.
Ресей Украинада әскери операцияны 24 ақпанда бастады.
Сұхбаттың толық мәтінін ria.ru сайтынан Мәскеу уақытымен сағат 10.00-де оқыңыз.