Алматыда қала құрылысы кеңесі құрылады

Әкімнің айтуынша, Алматының 2002 жылы қабылданған бас жоспары қазір жарамсыз
Sputnik
АЛМАТЫ, 14 сәуір — Sputnik. Алматыда қала құрылысы кеңесі құрылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Алматыда қала құрылысы кеңесі қайта құрылады. Барлық жоба басында кеңес шеңберінде қаралады. Бұл келешекте құрылыс алаңында адамдар жиналып, плакат ұстап тұрмауы үшін керек. Бұл барлық жерде бар тәжірибе. Өкінішке орай бұл институттың қызметі тоқтатылған еді, сондықтан оны қайтадан әкімнің жанындағы кеңес ретінде құрылады. Кеңесте көптеген мәселені талқылауға болады", - деді Ерболат Досаев.
Ол Алматыда туған-туыстары, өзі тұратынын айтып, қаланың келешекте жақсара түсуін қалайтынын жеткізді.
"Қаланың бас жоспары бекітілгеннен кейін осындай мәселелер шешіледі: қай жерде қандай құрылыс жүргізуге болады, не салуға болмайды, келешекте қалай болады деген сұрақтарға жауап беріледі", - деді Алматы әкімі.
Айтуынша, Алматының 2002 жылы қабылданған бас жоспары қазір жарамсыз, себебі ол кезде ешкім қала қазіргідей қарқында дамиды деп ойламаған.
Сондай-ақ қабылданатын жаңа бас жоспарда келешекте құрылыс жұмыстары қай бағытқа қарай жүргізілетіні көрсетіледі.
Досаев дәл қазір қаланың солтүстік бағытына құрылыс жұмыстарын жүргізу тиімді деп санайтынын да жасырмады.
Бірақ ол жақта қала бойынша инфрақұрылымы артта қалған және ескі үйлер орналасқан Жетісу және Түркісіб ауданы жатыр. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстарына көлемді инвестиция қажет.