НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір – Sputnik. Алматы қалалық тергеу сотының шешімімен "AlanParking" ЖШС бас директоры Мұхтар Базарбаев екі айға қамауға алынды.
Сот Базарбаевтың қай іс бойынша күдікті ретінде танылғанын нақтылаған жоқ.
Ресми мәліметке сәйкес, сотқа дейінгі тергеу орган тарапынан "AlanParking" ЖШС басшысын қамауға өтініш түскен. Соның негізінде сот шешімі шығарылды.
Алайда тергеу шараларын қай құқық қорғау органы және қандай фактілер бойынша жүргізіліп жатқаны әзірше белгісіз.
"Тергеу сотының қаулысымен сотқа дейінгі органның өтініші қанағаттандырылды. Екі айға қамауға алу санкциясы берілді", - делінген сот хабарламасында.
"AlanParking" ЖШС - Алматыдағы ақылы тұрақтардың операторы. Негізгі міндеті – қаладағы ақылы тұрақтар жүйесін жүргізу және қызмет көрсету.
Өткен жылы желтоқсан айында "AlanParking" компаниясының "Алматының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ-сына тиесілі 30 проценттік үлесін "RR2" ЖШС сатып алды.
Мемлекеттің үлесі ресми мемлекеттік бағдарлама аясында сатылған болатын.