Суретші Кенбаевтың картинасы бойынша коллекциялық монеталар шығарылды

Композиция түрлі-түсті баспа технологиясымен жасалған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Қазақстан Ұлттық банкі "Қазақстанның бейнелеу өнері" сериясынан номиналы 500 теңгелік M.KENBAEV "ÁŃGIME" коллекциялық монеталарының 2022 жылдың 14 сәуірінен бастап сатылымға шығатынын хабарлады.
Монеталар Ұлттық банктің интернет-дүкені арқылы сатылады.
Монета дизайнында Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстанның халық суретшісі, педагог әрі профессор Молдахмет Кенбаевтың "Әңгіме" картинасындағы фрагмент бейнеленген. Материалдарды Ә.Қастеев атындағы Қазақстанның Мемлекеттік өнер музейі ұсынды.
Монета аверсінің орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, ал жақтауында QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY ∙ РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН" деген жазу бар. Төменгі бөлігінде монетаның номиналы, соғылған жылы, монета жасалған металдың салмағы мен сынамасы жазылған. Жоғарғы бөлігінде "M.KENBAEV "ÁŃGIME" (1958)" деген жазу мен Ұлттық банктің тауар белгісі (логотипі) басылған.
Монетаның реверсінде суретші Кенбаевтың "Әңгіме" картинасындағы фрагмент бейнеленген. Композиция түрлі-түсті баспа технологиясымен жасалған.
Монеталар 925/1000 сынамалы күмістен тұрады. Салмағы – 31,1 грамм, сапасы – proof. 500 теңгелік номиналмен 1 500 данасы жасалды.

Молдахмет Кенбаевтың өмірбаяны

Молдахмет Кенбаев 1925 жылы Қостанай облысы Амангелді ауданы Сартол ауылында дүниеге келген. Алғашқы қазақ кәсіби суретшілерінің бірі, кескіндемеші, педагог, Қазақстанның халық суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.
Алматыдағы балалар үйінде тәрбиеленді. Алматы көркемсурет училищесін, Мәскеу көркемсурет институтын бітірген.
1956 – 59 жылдары Қазақстан Көркемсурет қоры басқармасының төрағасы болды.
1968 – 74 жылдары Қазақстан Суретшілер одағының кескіндеме секциясының төрағасы қызметін атқарды.
Кенбаев туындылары терең лиризм мен эпикалық кеңдіктің, монументтіліктің өзара үйлесім табуымен ерекшеленеді.
Суретшінің шығармалары негізінен қазақтың далалық тұрмысына, Қазақстан табиғатына арналған – "Шопан әні", "Тау бөктерінде", "Қыстауда".