Елімізде жыл басынан бері 400-ден астам адам жол апатынан қаза тапты

Жыл басынан бері 2 600 жол апаты тіркелді, оның 2500-і автокөлік жүргізушінің кесірінен болған
Sputnik
АЛМАТЫ, 12 сәуір – Sputnik. Елімізде жыл басынан бері 2 600 жол апаты болып, 400-ден астам адам қаза тапты. Бұл туралы ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Атығай Арыстанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Жыл басынан бері 2 600 жол апаты болды. Өкінішке қарай 410 адам қаза тапты, 3 500 адам жарақат алды", - деді Атығай Арыстанов.
Оның айтуынша, кейінгі бес жылдағы ақпарат бойынша жылына 2 мыңнан астам адам жол апатынан көз жұмады, 20 мыңдай адам түрлі дене жарақатын алады.
"Аталған 2 600 жол апатының 2500-і автокөлік жүргізушінің кесірінен болған. Бұл жолдарда тәртіптің, көлік айдау мәдениетінің жоқ екенін көрсетеді. Сондықтан жолда жүру ережесін біліп қана қоймай, үнемі оны ұстану керек", - дейді ол.
Сондай-ақ апатқа ұшырайтын жүргізушілер арасында ауа райына байланысты жолдардың жабылғанына назар аудармайтындар да бар.
"Жаяу жүргіншілердің кінәсінен 88 жол апаты болды, 22 адам қаза тапты, 69 адам жарақат алды. Назар аударғым келетін тағы бір мәселе – балалардың жол апатына ұшырауы. Өкінішке қарай 465 жол апатында балалар зардап шекті, 33 бала қаза тапты, 592 адам жарақат алды", - деді ол.
Полицейдің сөзінше, мұндай қайғылы жағдайға баланың жол ережесін білмеуі немесе ережені елемеу, рұқсат етілмеген жерлерден өту себеп болады.