Петропавлда ковид госпиталінің қызметкерлері жаппай қысқартуға шағымданды

Инфекциялық аурухана қызметкерлерінің айтуынша, 120-дан астам адам қысқартуға іліккен
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір — Sputnik. Петропавлда коронавирусты емдеуге арналған госпиталь қызметкерлері жаппай қысқартуға қатысты шағымданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қалалық пабликтерде жаңа модульдік инфекциялық аурухана медбикесінің үндеуі жарияланды.
"21 наурыздан бастап бізбен еңбек келісімшартын бұзып жатыр және құжатқа өз еркімізбен қол қоюға мәжбүрлеуде. Бұл қысқарту кезінде берілуге тиісті өтемақыны төлемеу үшін жасалып отыр. 120-дан астам адам қысқартылады. Олардың арасында жалғызбасты аналар, көпбалалы аналар бар. Барлығының бала-шағасы, кредиті, ипотекасы бар. Ал біздің қалада жұмыс табу қиын. Сондай-ақ 11 сәуірге дейін бізге әлі наурыз айының жалақысын төлемеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына осы мәселеге назар аударуды сұраймыз", - деп жазды медицина маманы.
Қызметкердің шағымына қатысты облыстық фтизиопульмонология орталығы бұл қысқарту Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясына қатысты ахуал тұрақталуына байланысты болып жатқанын түсіндірді.
"Коронавирус инфекциясы бойынша жатын орын 400-ден 200-ге дейін қысқарды. Сонымен қатар осы жылдың басынан бері ауруханаға жатқызылғандар саны да азайды. Мысалы, қаңтарда ковид стационарында 179 адам ем қабылдаса, ақпанда 108 науқас, ал наурызда емделушілер саны 36-ға жетті. Ал 11 наурызда бұл медицина мекемесінде 4 науқас ем алып жатыр", - деді облыстық орталық.
Осыған байланысты фтизиопульмонология орталығының басшылығы "белгілі бір жұмысты орындау (коронавирус инфекциясы кезінде) үшін инфекциялық стационарға жұмысқа қабылданған медициналық қызметкерлермен еңбек келісімшартын бұзу туралы" шешім қабылдаған.
"Қазақстан Еңбек кодексінің 51-бабының 3-тармағына сәйкес, жұмыс аяқталған күн белгілі бір жұмыс уақытында жасалған еңбек келісімшартының аяқталу мерзімі болып саналады. Барлық қызметкерге қолданылмаған еңбек демалысы күндері үшін өтемақы төленді. Еңбек кодексінің 131-бабы келісімшарттың аяқталуына байланысты өтемақы төлеуді қарастырмайды", - деді фтизиопульмонология орталығы.
Медицина мекемесі түсіндіргендей, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ковид төлемдерін кешіктіруіне байланысты қызметкерлерге наурыз айының жалақысы төленбеген.
"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ақшаны жақын уақытта жібереміз деп отыр. Содан кейін еңбекақыны төлейміз", - деп түйіндеді медицина мекемесінің басшылығы.