Өңірлер

Түркістан облысында қоймадан 10 млн теңгенің тауары ұрланды

Полицейлер күдікті ұрлық жасау үшін қоймаға қайта келетінін сезіп, арнайы жоспар құрған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 сәуір – Sputnik. Түркістан облысының полицейлері қоймадан 10 миллион теңгенің киімін ұрлаған күдіктіні ұстады.
Облыстық полиция департаментінің ақпаратынша, Сайрам АПБ-ға киім-кешек сатумен айналысатын кәсіпкер арызданған. Айтуынша, "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" тас жолы бойында орналасқан қоймадан тауар ұрланған. Шығын мөлшері 10 миллион теңгені құрады.
"Жедел уәкілдер күдікті қайта қылмыс жасауға келуі мүмкін екенін алға тартып, оны құрықтау үшін арнайы жоспар құрды. Ер адам қоймадан киім-кешекті заңсыз алып шығып, көлікке артып әкетіп бара жатқан кезде ұсталды", - деп мәлімдеді полицейлер.
Күдікті – Қазығұрт ауданының тұрғыны, кәсіпкердің қол астында істейтін жұмысшы болып шықты.
Анықталғандай, ер адам бұған дейін үш рет ұрлық жасаған. Бірінші рет жарық сөнген уақытта бейнекамералар істемейтінін пайдаланып, екі қап киім-кешек ұрлаған. Оны Шымкент қаласына апарып сатқан. Ал қалған кездерде бейнекамераларды өшіріп қойып, арам ойын іске асырған. Ұрлаған жаңа киімдерді 3 миллион теңгеге сатып, ақшаны өз қажетіне жұмсаған.
Қазіргі таңда "Ұрлық" бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Күдікті қамауға алынды.
Өңірлер
Жамбыл облысында ауруханадан 4,5 млн теңгенің аппараты ұрланды