Өңірлер

"Сергек камералары жеткіліксіз": Шымкент тұрғындары әкімнен көмек сұрады

Бүгінде Шымкент бойынша 201 көше желісі мен 100 көше қиылысында бейнебақылау камерасы бар
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір — Sputnik. Еңбекші ауданының тұрғындары сергек камераларын орнатып беруді сұрады. Шымкент әкімінің есеп беру жиынында сауал жолдаған халықтың басым бөлігі қауіпсіздік мәселесіне алаңдайтынын айтты.
Еңбекші ауданының тұрғындары қала әкімінен көшедегі бейнебақылау камерасын көбейтуді сұрады. Өйткені, ережені елемейтін жүргізушілердің кесірінен жиі жол апаты орын алады екен.
Бүгінде Шымкент бойынша 201 көше желісі мен 100 көше қиылысында бейнебақылау камерасы бар. Соның ішінде Еңбекші ауданы бойынша 55 көше желісінде 27 көше қиылыстарына жылдамдықты бақылау камералары орнатылған.
Дегенмен, мұның өзі миллионнан аса халқы бар үшінші мегаполиске аздық етуде. Сондықтан, Мұрат Әйтенов алдағы уақытта елдімекендер мен қала көшелеріндегі қауіпсіздік одан әрі күшейтілетінін айтты. Әрі тұрғындардың өтініші де назардан тыс қалмайды деді.
"Қазір біз ішкі істер департаментімен бірге қайтып үлкен схема сызып жатырмыз. Ол әлі аяқталған жоқ. Енді қайсысына басымдық береміз, сол маңызды. Жалпы 2025 жылға дейін қауіпсіздік камералары да сергек камерасы да толығымен орнатылады”, - деді Мұрат Әйтенов.