Қызметкерінен сыйақыны талап еткен басшы қызметтен шеттетілді

Оған қатысты қызметтік тексеру басталды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір — Sputnik. Алматы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали қызметтен шеттетілді.
Бұған дейін желіде қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали қарамағындағы қызметкермен дауыс көтеріп сөйлескен видеосы тарады.
Видеодан түсінікті болғандай, Лаура Мырзағали науқастығына байланысты демалысқа шығуы салдарынан сыйақы ала алмаған. Сондықтан басшы орынбасары қызметкерінен оған түскен сыйақыны талап еткен.
"Мен бір жыл бойы жұмыс істеп, мына бір науқастығыма байланысты демалыс салдарынан қатаң сөгіс беріліп, сыйақысыз қалдым. Ал біздің қызметкерлер құжатты дұрыс рәсімдемегені үшін Ануарға сөгіс берілді", - деді Мырзағали.
Лаура Мырзағали "Қарлығаш" деп атаған қызметкер дауласуға талпынып еді, бірақ басқарма басшысының орынбасары "оның басқа амалы жоқ" екенін ашық айтты.
"Біз 2-3 сыйақы ғана береді. Сендер алтау, ал біз екеу ғана аламыз. Осы үшін жинап жатырмыз. Сендерге сыйақы қазір түсті, түстен кейін тағы түседі. Біз сендерге жеті жалақыдан жаздық. Біз оларды кері қайтарып жатқан жоқпыз, себебі заң бойынша маған да, Ануарға да сыйақы берілмейді, өйткені үш айдан кейін сөгісті алуы керек. Менің де бала-шағам бар. Мен бір жыл жұмыс істедім. Артық ақша алған жоқпын", - деп Мырзағали қызметкерін көндіруге тырысқан.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі видеодағы "кейіпкер" қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басққармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали екенін растады.
Оған қатысты қызметтік тексеру басталды. Ол қызметтен уақытша шеттетілді.