Қазақстанда бидай тапшылығына байланысты диірмендер жұмысын тоқтатуға мәжбүр

Ұн тартушылар қордағы астық көлемі бір жарым аптаға ғана жететінін айтып отыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір — Sputnik. Қазақстанда диірменшілер астық тапшылығына және оның бағасының қымбаттауына тап болды.
Бір тонна бидайдың бағасы 160 мың теңгеге жетті және оның отандық нарықта тапшылығы байқалады. Қазақстанда диірмендердің жартысынан көбі жұмысын тоқтатты.
Ұн тартушылар астық қоры бір-бір жарым аптаға ғана жететінін айтып жатыр. Бұдан кейін диірмендер белгісіз мерзімге дейін жұмысын тоқтатады, деп хабарлайды ElDala.kz.
"2-3 аптадан бері бидай сатып ала алмай отырмыз, ұсыныс жоқ. Бір тоннасы үшін 142 мың теңге ұсынғанда сатпады, баға 150 мың теңге болса да, ешкім астық ұсынбады, қазір 160 мың теңгеге жетті, бәрібір сатып жатқан жоқ. Егер бидайды 160 мың теңгеден сатып алсақ, оны жеткізуге тағы 8 мың теңге жұмсалады да, нәтижесінде оның диірмендегі құны 168 мың теңге болады. Шикізат бағасы осындай болса, онда ұнның өзіндік құны 224 мың теңгеге жетеді. Ал біз оны сәйкесінше 235 мың теңгеден сатамыз. Яғни ұн қатты қымбаттайтынын ескеру керек. Бұл мәжбүрлі қымбаттату, себебі шикізат өзіндік құнның 85%-ін құрап отыр", - деді Бидай өңдеушілер одағының вице-президенті Талғатбек Әлихан.
Ұн тартушылар ауыл шаруашылығы министрлігінен Қазақстаннан бидай экспорттауға тыйым салуды және астық қорына инвентаризация жүргізуді талап етті.
Бұған дейін нарықтағы баға ресейлік әлдеқайда арзан бидайдың елге жеткізілуі есебінен тұрақты болып келді. Ал енді Ресей өз бидайын экспорттауға толық тыйым салған шақта диірмендер жұмысы тоқтай бастады.
2022 жылдың наурызында бидай тапшылығы туралы Қазақстанның бидай өңдеушілер одағының президенті Евгений Ган айтқан болатын.