НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір — Sputnik. Маңғыстау облысында түйе құмды сораңға батып кете жаздады. Өркешті жануар орнынан қозғала алмай қалған, деп жазды lada.kz.
Өңірдің төтенше жағдайлар департаменті хабарлағандай, жануарды аман алып шығу үшін құтқарушылар көмекке келген.
Оқиға 8 сәуірде кешкі уақытта Ақтау – Жетібай тас жолының 34 шақырымында болған. Түйе құмды сораңға түсіп, өздігінен шыға алмай қалған.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар арқанның көмегімен түйені қауіпсіз жерге тартып алып шықты. Өркешті жануар зардап шеккен жоқ.
Маңғыстауда құмға батқан түйе құтқарылды
© Photo : Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті