Алматы облысында жүк көлігі жартастан құлап, жүргізуші көз жұмды

Қайтыс болған ер адам таудағы қонақтарға арналған демалыс базасының иесі болған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір — Sputnik. Жүк көлігі Текелі өзенінің жанындағы тау бөктерінен аударылып кетті. Жол апатынан жергілікті туристік базаның 53 жастағы иесі Сергей Рузанов көз жұмды.
Күні кеше полицияға Бұрқан бұлақ таулы аймағында жол апаты болғаны туралы хабарлама түсті.
КАЗ-3511 жүк көлігін (ГАЗ-66 көлігінің модернизацияланған түрі) "Черкасай" туристік базасының 53 жастағы иесі жүргізгені анықталды. Ол жиенімен бірге Талдықорғанға қайтып келе жатқан.
Таулы бұралаң жолмен көтерілу кезінде биік тау беткейінде машина аударылып, жартастан құлап кетті. Жол апатының куәгері болған тау базасының екі жұмысшысы оқиға орнына медицина мамандарын, құтқарушылар мен полицияны шақырған.
"Оқиға болған жерде 53 жастағы ер адам көз жұмды. Сондай-ақ оның 32 жастағы туысы түрлі дене жарақатын алды. Қазір жол апаты бойынша сәйкес сараптама тағайындалып, Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлімі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Көз жұмған азамат Талдықорғандағы спорт клубтарының біріне мүше болған, ол туристік саяхаттарды ұйымдастырумен айналысқан және таудағы қонақтарға арналған базаның иесі болған.