АҚШ киноакадемиясы Уилл Смиттің әрекетіне қатысты шешім қабылдады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik. АҚШ киноакадемиясы "Оскар" сыйлығын табыстау рәсімінде болған оқиғадан кейін Уилл Смитке академия ұйымдастырған іс-шараларға қатысуға 10 жылға тыйым салды.
Еске сала кетейік, Уилл Смит жүрізуші – әзілқой Крис Рокқа жұдырық сілтеді. Комик Смиттің әйелі туралы орынсыз қалжың айтқан болатын. Уилл Смиттің әйелі – Джада Пинкетт-Смит жақында өзінің алопеция, яғни шаштың жартылай немесе толықтай түсуіне алып келетін ауруға шалдыққанын айтты. Крис Рок сахнада тұрып Джаданы "Сарбаз Джейн" фильмінің екінші бөлігінде түскенін қалайтынын айтты. Ад 1997 жылы жарыққа шыққан бұл фильмде актриса Деми Мур әскери борышын өтеуге кіріскен кезде шашын тақырлап алып тастайды.
"Бүгін киноакадемия басшылығы 2022 жылдың 8 сәуірінен бастап Смит мырзаға киноакадемияның барлық іс-шарасына қатысуға және виртуалды форматта тамашалауға 10 жылға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұл "Оскар" сыйлығын табыстау салтанаты мен басқа да шараларды қамтиды", - деп жазылған америкалық киноакадемия хабарламасында.
Біраз бұрын Смит өз бастамасымен киноакадемиктер қатарынан кетті.
Дәл осы салтанатты шарада актер "Король Ричард" фильміндегі басты рөлі үшін мүсінше алды. Ол сыйлықты алу кезінде қонақтардың алдында өз әрекеті үшін кешірім сұрады. Смиттің бұл қылығы мен киноакадемия тарапынан ешқандай жауап берілмеуі қоғамда шу шығарды. Айта кету керек, әзілқой полицияға шағымданған жоқ.
"Оскар" сыйлығын табыстау шарасы өткен жылы қажырлы еңбек еткен азаматтар үшін мерекеге айналуға тиіс еді. Бірақ Смит мырзаның сахнадағы әрекеті көптің көңіліне кірбің салды", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар іс-шараны ұйымдастырушылар оқиға болған күні бірден жауап бермегендері үшін кешірім сұрап, күтпеген жағдайға байланысты абдырап қалғандарын айтып ақталды.