НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір — Sputnik. Алматы әкімі Ерболат Досаев бүгін сенбілікке шыққан алматылықтар қатарына қосылды. Аулалар, саябақтар, суат жағалауларына тазалау жүргізіліп, жасыл желек жетіспейтін аумақтарға мыңдаған жас ағаш отырғызылды.
Алматы әкімі Ерболат Досаев қаланы тазалауға атсалысты
© Photo : Акимат Алматы
Сенбілік кезінде қала тұрғындары 11 мың текше метрге жуық қоқыс жинады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Жиналған қоқысты шығару үшін қаладағы коммуналдық қызмет пен кәсіпорындардың 502 арнайы техника тартылды. Сондай-ақ сенбілік кезінде турникеттер, орындықтар, қоқыс жәшіктері сырланды және ағаш отырғызылды.
"Экологиялық акция барысында сақ қорғандары аумағында, Алатау ауданының қарағай орманында, Сайран көлі мен Қарғалы өзенінің жағғалауына жаппай ағаш отырғызылды. Жалпы саны бес мыңнан астам ағаш отырғызылды", - деп нақтылады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сенбілікке Алматы әкімі Ерболат Досаевтан бөлек, Жетісу ауданының әкімі Гүлнәр Көкебаева, журналист және қоғам белсендісі Сергей Пономарев бен басқа да танымал алматылықтар қатысты.
Сенбілік кезінде бұқаралық шараға қатысушыларға сусын сату орындары мен автокофейнялар ұйымдастырылды.