Қоғам

Тоқаев Шәмшә Беркімбаеваның туыстарына көңіл айтты

Мемлекет басшысы Шәмшә Беркімбаева білім мен ғылым көшін алға жылжытып, бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыруда мол үлес қосқанын айтты
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері, білім беру ісінің құрметті қызметкері Шәмшә Көпбайқызы Беркімбаеваның дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорда.
"Шәмшә Көпбайқызы еңбек жолын қатардағы ұстаздықтан бастап, өзінің іскерлігі мен қабілетінің арқасында мемлекеттік қызметтің сан түрлі саласында абыроймен еңбек етті. Министр кезінде білім мен ғылым көшін алға жылжытып, бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыруда мол үлес қосты. Депутат болған тұста отандық заңнаманы жетілдіруге атсалысты", - делінген жеделхатта.
Президент Шәмшә Беркімбаева Қазақ мемлекеттік қыздар педогогикалық институтының ректорлық қызметін атқарған жылдары талай шәкірт тәрбиелеп, дарынды мамандарға бағдар көрсете білгенін айтты.
Тоқаев "кең пейілімен айнала-төңірегінің шынайы құрметіне бөленген Шәмшә Көпбайқызының жарқын бейнесі ұмытылмайтынын" атап өтті.
Еске салсақ, Қазақстанның бұрынғы білім және ғылым министрі Шәмшә Беркімбаева 80 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Шәмшә Беркімбаева 1999-2002 жылдары парламент сенатының депутаты, 2002-2003 жылдары білім және ғылым министрі қызметін атқарды. Ұзақ жылдар бойы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры болды.