"Оқ атуға тура келді": Нұр-Сұлтан полициясы мас жүргізушіні қуып жүріп ұстады – видео

Тілендиев даңғылында бірнеше патрульдік экипаж оның жолын бөгеп, қоршап алды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір –Sputnik. Астаналық полицейлер түнгі уақытта мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген көлікті ұстады. Жүргізуші мас болған. Оған қоса, патрульді қағып, қашып кеткісі келген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
7 сәуірде түнгі сағат 03:52-де полицейлер Тәуелсіздік даңғылының бойында Citroën көлігін байқаған. Көлік иесі мемлекеттік тіркеу нөмірін тақпай, жол жүру ережесін өрескел бұзған. Полицияның бұйрығына бағынбаған, керісінше жылдымдықты арттырып, қаша жөнеліпті. Сөйтіп, Көкталға дейін қашып барған.
Тілендиев даңғылында бірнеше патрульдік экипаж оның жолын бөгеп, қоршап алды. Бірақ қашқын полиция көлігін соғып, шығып кетпекші болған. Сол кезде тәртіп сақшылары оқ атты.
"Көлікті тоқтату үшін доңғалаққа оқ атуға тура келді. Ешкім зардап шеккен жоқ. 21 жастағы көлік иесі ұсталды", - дейді полицейлер.
Жас жігіт мас болған. Оның көлігінен ресейлік тіркеу нөмірі анықталды. Бұған дейін дәл осы нөмірмен ұсталған көлік жүргізушісі әкімшілік жазаға тартылған. Осы жолы бірден 19 хаттама рәсімделді. Ал көлік айып тұрағына қойылды.
Ауданаралық әкімшілік соттың шешімімен көлік жүргізушісі 20 тәулікке қамалды. Сондай-ақ 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.