НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір — Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламасының Қазақстандағы нәтижесі туралы айтты.
Министрдің айтуынша, 2010 жылдан бері 9 мыңға жуық бағдарлама өткізілді, 3 мыңнан астам бала дүниеге келді.
Ғиният репродукция саласында жаңа технологияларды табысты енгізу мақсатында барлық жағдайлар жасалғанын атап өтті.
"Бірінші кезекте, заңнамалық база қамтамасыз етілді, қосалқы репродуктивтік технологияларды жүзеге асырудың барлық аспектілерін реттейтін құқықтық актілер бекітілді, түрлі бейіндегі мамандар даярланды", - деді ол.
Айтуынша, осы шаралардың арқасында бүгінде елімізде 29 экстракорпоральді ұрықтандыру орталығы жұмыс істейді.
"2020 жылдың 1 қыркүйегінде мемлекет басшысы үкіметке ЭКҰ-ға квотаны 7 есеге ұлғайта отырып, "Аңсаған сәби" арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырды, оған республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның аясында 3 мыңнан астам әйел жүкті болып, 1 мыңнан астам бала дүниеге келді", - деп атап өтті Ажар Ғиният.
Министр, бедеулікті емдеу ғана емес, оның алдын алу және себептерін жою бойынша шаралар қабылдау қажет екенін де атап өтті.