Алматы облысы әкімдігі ойынхана ғимаратына көшетіні туралы жалған ақпарат тарады

Sputnik
ТАЛДЫҚОРҒАН, 8 сәуір – Sputnik. Алматы облысында әкім аппараты Қапшағайдағы казинолардың бірінің ғимаратында орналасады деген қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бұл жалған ақпарат, қауесет сөз. Жұмыс комиссиясы құрылды және қаладағы әртүрлі нысанды қарап жатыр. Әкім аппараты орналасатын ғимарат әлі қаралып жатыр", - деді облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Руслан Сарсеев.

Айта кетері, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда ел халқына жолдауы кезінде бірнеше жаңа облыс құру туралы шешімді хабарлады. Соған сәйкес Алматы облысының құрамынан Жетісу облысы бөлініп шығады. Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болады, қалаға Дінмұхамед Қонаев есімін беру ұсынылды.
Жаңадан құрылатын Жетісу облысының аумағында 352 елді мекені бар 8 аудан және 2 қала кіреді. Алматы облысында 380 елді мекені бар 9 аудан және 1 қала болады.