Саясат

Қазақстан Ресейге қарсы санкцияларға қосылмайды – сыртқы істер министрі

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 7 сәуір – Sputnik. Қазақстан Ресей Федерациясына қарсы санкциялық қысымға қосылып, Ресейдің мүдделеріне нұқсан келтіретін қадамдар жасамайды, деп мәлімдеді премьер-министрдің орынбасары - сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

"Біздің еліміз, әрине, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарымен салынған санкцияларды қоспағанда, санкцияларды мемлекетаралық қарым-қатынаста қысым жасау құралы ретінде қолдануға әрқашан қарсы", - деді Тілеуберді мемлекеттік арнаға берген сұхбатында.

Оның айтуынша, кез келген экономикалық немесе саяси санкцияларды қолдану халықаралық даулар мен қақтығыстарды шешудің ең тиімді жолы емес екенін тәжірибе көрсетіп отыр.
"Сондықтан Қазақстан Ресей Федерациясына қарсы санкциялық қысымға қосылып, Ресейдің мүдделеріне қандай да бір нұқсан келтіретін және біздің серіктестіктің бағытына қайшы келетін қадамдар жасауға ниетті емес", - деп толықтырды министр.
Тілеубердінің пікірінше, Ресей экономикасын оқшаулау бүкіл әлемдік экономикалық жүйеге зиянын тигізеді.
"Жалпы алғанда, әлемдегі ең ірі экономикалардың бірін ұзақ мерзімге оқшаулау, әрине, бүкіл жаһандық экономиканың дамуына зиянын тигізеді. Осыған байланысты, халықаралық қауымдастық Мәскеу мен Киев арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге одан әрі көмектесуі керек деп санаймыз", - деп РИА Новости оның сөзінен үзінді келтірді.