Қоғам

Павлодарда бала дәріхана қызметкерінің қателігінен уланып қалды

Фармацевт қателесіп, дәрігер тағайындамаған дәріні сатқан
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 7 сәуір — Sputnik. Павлодар облысында кішкентай бала фармацевтің қате берілген антидепрессанттық дәрісінен уланып қалды, деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
2019 жылы туған баланың анасы дәрігер рецепті бойынша тағайындалған дәріні сатып алған. Алайда дәріні қабылдағаннан кейін бала өзін жайсыз сезініп, құса бастады. Әйел дереу жедел жәрдем шақырды. Бала улану диагнозымен ауруханаға жатқызылды.
Анықталғандай, фармацевт қателесіп, дәрігер тағайындамаған дәріні сатқан.
Қазіргі күні Қылмыстық кодекстің 317 бабы - дәрігерлер мен фармацевтердің кәсіби міндеттерін дұрыс орындамауы бойынша іс қозғалды.
Егер әрекет негізінде адам денсаулығына орташа дәрежеде зиян келтірілсе бұл бап бойынша 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе 50 тәулікке қамау жазасы қарастырылған.