Экономика

Бизнес-идеяны жүзеге асыру үшін 1,2 млн теңге беріледі: оны кімдер алады

Бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 950 грант бөлінеді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 7 сәуір – Sputnik. Алматыда бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алуға өтінім қабылдау басталды. Грантқа 29 жасқа дейінгі жастар мен халықтың әлеуметтік әлжуаз тобының өкілдері үміткер бола алады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Грант сомасы – 400 АЕК немесе 1 225 200 теңге.
Гранттар кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында беріледі.
"Шағын және орта бизнес – қала экономикасында жетекші орынға ие, жұмыс істейтін 10 алматылықтың 6-уы осы салада істейді. Биылдан бастап гранттарды сертификатсыз алуға болады. Өтінімдер сәуір мен қараша аралығында қабылданады, нақты мерзімі мен кезеңдерін қосымша хабарлаймыз", - деп мәлімдеді Алматы қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Зафар Аппазов.
Өтінім 1 сәуірден бастап business.enbek.kz порталы арқылы қабылданып жатыр. Өтінімді қарау мерзімі – 10 жұмыс күні.
Грант алу үшін мыналар қажет:
жұмыссыз ретінде тіркелу немесе мерзімі бір жылдан аспайтын жеке кәсіпкерлігі болуы керек;
Алматы қаласында тұрақты, уақытша (1 жылдан кем емес) тіркеу қажет;
business.enbek.kz порталында тіркелу;
бизнес-жоспар.
Гранттарды комиссия шешімі негізінде Халықты жұмыспен қамту орталығы береді. Комиссия мүшелері бизнес-жоспарды келесі критерийлер бойынша бағалайды:
бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі;
өткізу нарықтарының пысықталуы;
бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі;
кәсіпкерлік дағдылар деңгейі;
жаңа жұмыс орындарын ашу.