АЛМАТЫ, 7 сәуір — Sputnik. Алматыда өртенген үйден ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияның хабарлауынша, Остроумова көшесіндегі үйлердің бірінде өрт шыққан. Өрт туралы хабар кешкі сағат 21:00 шамасында түскен.
"Өртті ауыздықтағаннан кейін бөлмелердің бірінен зорлық-зомбылық белгілері бар ер адамның мәйіті табылды. Кейін бұл үйдің иесі – 38 жастағы К. есімді азамат екендігі анықталды. Ол бұрын жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеген. Бірақ денсаулығына байланысты бірнеше айдан бері еш жерде жұмыс істемеген", - деп хабарлады Түрксіб ауданы полиция бөлімінің бастығы Мейірхан Жаңабаев.
Сот-медицина сараптамасының қорытындысына сәйкес, қайтыс болған адамның мойны кесілгені, кеуде тұсында пышақ жарақаты бары анықталды. Сондай-ақ марқұмның ішіне және сол жақ бұғана аймағына пышақ сұғылған.
Содан кейін мәйітті өртеген.
Тергеу барысында 44 жастағы П. есімді азамат анықталды, ол қылмыс жасалмас бұрын жәбірленушінің үйінде қонақта болған.
Сондай-ақ екі ер адамның алкогольдік ішімдік ішкені анықталды. Олардың арасында жанжал туындап, П. үй иесіне бірнеше рет пышақ сұққан.
"Қылмыстың ізін жасыру үшін күдікті үйге өрт қойған. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Жауап алу кезінде ұсталған адам ас үй пышағын бірінші болып үй иесінің ұстағанын, ол оның қолынан жұлып алып, оған бірнеше рет соққы жасағанын айтты. Кісі өлтірудің нақты мән-жайы тергеу барысында анықталады", – деді Жаңабаев.