Алматыда МИФИ филиалы биыл қыркүйекте ашылады

Болашақ ядролық физиктер ҚазҰУ базасында білім алады
Sputnik
АЛМАТЫ, 7 сәуір — Sputnik. 2022 жылдың күзінде Алматыда Ресейдің Мәскеу инженерлік-физикалық институтының (МИФИ) филиалы ашылады. Мұны Ресей Ұлттық ядролық зерттеу университетінің проректоры Дмитрий Савкин мәлімдеді. Бұған дейін университет қазақстандық әріптестерімен бірге үш күндік келіссөз жүргізді.
"Екі елдің президенті Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын мерзімінде орындаймыз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі әріптестеріміз 1 қыркүйектен бастап бізбен бірге ядролық физика, лазерлік және плазмалық технологиялар, атом энергетикасы, нанотехнология саласында жоғары білікті мамандар даярлауға кірісуге дайын. Кеше ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев бізге МИФИ филиалы орналасатын керемет оқу корпусын көрсетті", - дейді Савкин.
Қазақстандағы Россотрудничество өкілдігінің басшысы Алексей Коропченко Нұр-Сұлтандағы Орыс үйі Қазақстанда ірі ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдарын құру жөніндегі жұмыстарды үйлестірумен айналысатынын айтты.
"МИФИ-ді алғашқы филиал деп айтуға болады. Кезекте Губкин атындағы мұнай және газ РМУ филиалы тұр. Ол Қазақстанның мұнай астанасы Атырауда орналасады. Нұр-Сұлтанда Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті – атақты ММТУ филиалы ашылады. Осының бәрі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жаңа қуатты серпін беріп, стратегиялық әріптестігімізді нығайтатыны сөзсіз", - деп атап өтті Коропченко.
Бұған дейін Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов студенттер екі диплом ала алатынын хабарлады. Ал қазақстандық диплом әлемнің барлық дерлік елінде жарамды.
Ал МИФИ филиалында Қазақстанда салынуы мүмкін болашақ атом электр станциясы үшін кадрлар даярланады. Қазақстанда техникалық кадрларды даярлау қажет екенін бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.