Қоғам

Үйдің шатырына ұялы байланыс антеннасын орнатуға ешкім кедергі жасай алмайды

Тұрғындар антеннадан шығатын сәулелер денсаулыққа зиян келтіреді деп қорқады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Қазақстанда ұялы байланыс операторларының базалық станцияларын орнатуға қарсылық білдіруге қатысты заңға өзгеріс енгізіледі. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты.
Журналистерге берген сұхбатында министр астанада ұялы байланыс станцияларын орнатуға қарсылық білдіру оқиғаларының болғанын еске салды. Сол кезде тұрғын үй кешені мен элиталық қалашықтардың тұрғындары наразылық білдіріп, ұялы байланыс станцияларын орнатқызбай қойды.
Барлығы антеннадан шығатын сәулелер денсаулыққа зиян келтіреді деп қорқады.
"Базалық станциялар бойынша проблем бар. Тұрғындар ондай қондырғыларды орнатуды қаламайды. Ал заң бойынша тұрғындардың бір бөлігі қарсы болса, операторлар станцияны бұзып, алып кетуге міндетті. Қазіргі кезде олар тиісті норманы заңға енгізуді сұрап отыр. Біз оны пысықтап жатырмыз. Депутаттармен ақылдасып, тиісті заң жобасын қарауға енгізетін боламыз", - дейді Мусин.
Осы орайда министр биыл байланыс саласына арналған заңнамаға бірқатар өзгерістердің енгзілетінін жеткізді. Соның арқасында телекоммуникациялық қызметтердің сапасы жақсаруы керек.
Жылдамдықты тексеру жұмысын жетілдіру жоспарланған.
Бұдан бөлек, ұялы операторларды ауылдар мен қала маңындағы елді мекендерді байланыс сапасын жақсартуға ынталандыру тетіктері енгізіледі.
Парламент қолдаса, барлық өзгеріс биыл қабылданады.