АЛМАТЫ, 6 сәуір – Sputnik. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі 19 наурызда болған жағдайға қатысты тексеру жүргізді. Ол күні FlyArystan әуе компаниясы Нұр-Сұлтан – Қостанай бағыты бойынша ондаған жолаушыны тасымалдаудан бас тартқан. Тексеру нәтижесінде эвакуациялық траптан уақытша техникалық ақау шыққан. Соған байланысты әуе кемесі арқылы 180 емес, 110 жолаушыны ғана тасымалдау туралы шешім қабылданғаны анықталды.
"Орындар санын шектеу кезінде ұшу қауіпсіздігі талаптары ескерілген. Өйткені апаттық трапта ақау болғанда авариялық жағдайда жолаушыларды түсіру мүмкін емес. Сол себепті әуе компания 180 орынның 70-ін жабуға мәжбүр болды", - делінген ақпаратта.
Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігі арқылы тасымалдау қағидалары ескерілген. Әуе компаниясы жолаушының ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін себептер бойынша тасымалдаудан бас тартса, онда оған пайдаланылмаған билет сомасы немесе оның бір бөлігі қайтарылады.
Осылайша, әуе компания тіркеу басталған сәттен бастап осы рейстің жолаушылары арасында ұшудан ерікті түрде бас тартатын адамдарды іздеген.
FlyArystan әуе компаниясының хабарлауынша, 19 наурыздағы КС 7341 рейсі билетін пайдалана алмаған жолаушылар бір жыл ішінде сатып алған жері бойынша ақшасын қайтару туралы өтініш бере алады.
19 наурыздағы КС 7341 рейсінен жолаушылар сатып алынған әуе билеті тарифінің үш еселік мөлшеріндегі ваучер ала алады. Ол үшін әуе компанияның байланыс орталығына 8 727 331-10-10 нөмірі бойынша немесе https://flyarystan.com сайты арқылы "Бізбен хабарласыңыз" бөлімінде жүгіну қажет.