НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Қазақстандықтар дәріханаларда инсулиннің жоқтығына шағымданып жатыр. Жұрт "Лантус" деген препаратты таппай жүр, деп хабарлады Хабар 24 арнасы.
Диабетпен ауратын адамдар дәрінің арзан баламасына көшпей, дәріханалардан "Лантус" алып жүрген. Жыл басында бағасы 19 мың теңге болған. Қазір осы медициналық препарат еш жерде жоқ.
Қазақстанның диабет қауымдастығының президенті Руслан Закиевтің айтуынша, 2019 жылдан бастап "СК-Фармация" компаниясы "Лантусты" сатып алуды тоқтатқан.
"Негізгі мәселесі бағада болып тұр. Биосимиляр одан арзан болып шықты. Бізде "СК-Фармация"-мен де ашық пікірталас болды. Дегенмен олар биосимилярды сатып алуға шешім қабылдады. Содан бері "Лантус" препаратын сатып алу тоқтатылды", - дейді Закиев.
Ал денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният "барлық пациент инсулинмен қамтамасыз етіліп отыр" деп сендірді. Медициналық препараттар бюджетке қарай сатып алынады.
"Қазір ешкім инсулинді дәріханадан сатып алмайды. Өйткені барлық пациент инсулинді емхана арқылы алады. Оны бюджет есебінен төлейді", – деді Ғиният.
Журналистер бірнеше дәріханаға хабарласып көрді. Еш жерде "Лантус" жоқ. Фармацевтер ондай препаратты республика бойынша табу қиын деп отыр.
Қазақстанның фармацевтикалық қызметті дамыту және қолдау қауымдастығының мәліметіне сәйкес, осы айдың екінші жартысында "Лантус" дәріханаларға түсуі керек.
"Қазіргі жағдайда жоспарлау және сақтандыру қорларын ұстап тұру қиын", - дейді мамандар.