НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов үйірмелер мен секцияларға берілген ваучерді қалай тексеруге болатынын түсіндірді.
"Достар, тегін үйірмелер туралы бірінші жақсы жаңалық: баланың тіркелуі жөніндегі ақпаратты арнайы "artsport.kz/kz/checkticket" сервистен білуге болады. Жеке сәйкестендіру нөмірі мен аты-жөнін теру керек. Егер балаңыз ешқайда бармаса, бірақ ваучер бар деп көрсетілсе – біреу ақша ұрлап жатыр деген сөз!", - деп жазды Смағұлов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қоғам белсендісі заңды бұзу фактілері анықталса, өзіне 8 702 67 66 555 WhatsApp-қа ақпарат жіберуге болатынын да жеткізді.
"Ал Шымкенттегі жағдайдан кейін Мәдениет басқарма басшысы жұмыстан өз еркімен шығып кетті. Бірақ біз жауапты тұлғаларды бәрібір анықтайтын боламыз. Балалардан ұрлауға жол бермейміз!", - деп атап көрсетті Смағұлов.
Осы орайда ол mail.kz командасына және Сергей Алабугинге қажетті сервисті уақытында іске қосқаны үшін ризашылық білдірді. Айта кетері, 2021 жылы Қазақстанда мемлекет тарапынан шығармашылық және спорттық тапсырыс жүйесі енгізілді.
Оған сәйкес, 4-17 жастағы балалар үйірмелер мен секцияларға тегін қатыса алады. Бос орындар кезекпен беріледі. Ал тегін үйірмеге баратын балаға ваучер рәсімделеді. Осы жүйе бойынша 4 миллион бала тегін үйірмелер мен секцияларға қатыса алады.