НҰР-СҰЛТАН, 5 сәуір – Sputnik. Қостанай облысының төтенше жағдайлар департаменті үш бала көз жұмған өрт оқиғасының алдын ала себебін айтты.
Департамент басшысы Біржан Кәрімовтың айтуынша, болжам бойынша үйдің өртенуіне мобильді телефонды қуаттау кезінде электр желілерінің тұйықталуы себеп болған.
Департамент басшысы соңғы үш айда Қостанай облысында өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда өрт оқиғасы аз тіркелгенін, алайда өрт салдарынан көз жұмғандар саны көп екенін атап өтті.
"Қалыптасқан жағдайды назарға ала отырып білім беру ұйымдарында төтенше жағдайлар қызметкерлерінің қатысуымен балаларға қарапайым сақтық ережелері мен төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектін үйрететін сабақ өткізу қажет", - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Қостанай облысы Амангелді ауылында екі пәтерлі тұрғын үйде өрт шығып, үш кішкентай бала қаза тапты.