Экономика

Теңге доллар мен рубльге қашан тәуелді болмайды

Экспорттық операция мен ағымдағы шот импорттық операцияны жапқан кезде теңге шетел валютасына тәуелді болмайды, деп түсіндірді Жамаубаев
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 5 сәуір – Sputnik. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев теңге доллар мен рубльге тәуелді болуын қашан тоқтататынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет кулуарында БАҚ өкілдері министрден "Теңгенің доллар мен рубльге тәуелді болмайтын күні туа ма?" деп сұрады.
"Иә, – деді Жамаубаев. – Бұл төлем балансы тұрақталып, экспорттық операция мен ағымдағы шот импорттық операцияны жапқан кезде, яғни валюталық түсімдер, өндірістік сектор мен экспорттан түсетін пайда әжептәуір көбейген кезде болады".
Министр үкімет импортты алмастыру бойынша үлкен бағдарламаны жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
"Біз импортты азайтып, ел ішінде көбірек өндірсек, өндірілген өнім есебінен экспорттық пайда табамыз. Сол кезде валюта ағыны елге келеді", - деп түсіндірді Жамаубаев.
Алайда министр қазір бұл процесс қанша пайызға орындалып жатқанын нақтыламады.
Теңгені долларға айырбастағандар ұтылып қалды – қаржы министрі