Жалған ақпарат таратқан бірнеше адам тергеуге алынды - қаңтар оқиғасының қорытындысы

Әлеуметтік желілерде қамауда отырғандарға қатысты тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану туралы жазбалар да жарияланып жатыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 4 сәуір – Sputnik. Бас прокуратураның 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов қаңтар оқиғасынан кейін жалған ақпарат тарату бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату деректері жалғасуда. Бұл орайда жалған ақпаратты тарату үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертемін. Қазіргі уақытта осындай факті бойынша 11 қылмыстық іс тергелуде. Прокуратура және құқық қорғау органдары қылмыстардың толық тергелуін, заң нормаларының сақталуын қамтамасыз етуде", - деді Қилымжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде қамауда отырғандарға қатысты тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану туралы жазбалар да жарияланып жатыр.
"Аталған адамдарға қатысты ешқандай зорлық-зомбылық қолданылып жатқан жоқ деп сендіріп айтамыз",- деп атап көрсетті Қилымжанов.