Қаңтар оқиғасы

"Денесін өртеп жіберген": подполковник Хаировтың өлімі туралы ақпарат жарияланды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 4 сәуір – Sputnik. Бас прокуратура қаңтар оқиғасы кезінде әскерилерді өлтіру фактілеріне қатысты ақпарат жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын күзетуге қатысқан қарусыз әскери қызметші подполковник Хаировтың өлімі кезінде ерекше цинизм көрініс тапқан.

"Оның денесі ғимараттың төбесінен табылды. Тергеу көрсеткендей, зорлық-зомбылықпен өлтіргеннен кейін қылмыскерлер айғақтарды жасыру үшін денесін өртеп жіберген. 39 жастағы сарбаздың әйелі және екі кәмелетке толмаған баласы қалды", - деді Қилымжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Ал "Көк-Төбе" телемұнарасына шабуыл жасалғанда әскери қызметшілер Камбетов, Асылханов және Алмасов оққа ұшты.
"Талдықорған қаласы алаңында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінің мерзімді қызметінің қарусыз әскери қызметшісі Амановқа бір топ қылмыскер шабуыл жасаған. Қатыгездікпен ұрып-соғу салдарынан 18 жастағы Аманов көптеген дене жарақатын алған. Жас жігіт есін жимастан жедел жәрдем көлігінде қаза болды", - деп атап көрсетті Қилымжанов.
Ресми мәліметке сәйкес, Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде 19 полицей мен әскери қызметші ерлікпен қаза тапқан