НҰР-СҰЛТАН, 4 сәуір – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният гастроэнтеролог дәрігер Юрий Шумковтың өліміне қатысты пікір білдірді.
Министр қоғам білікті маманнан айырылғанын айтты.
"Өзімнің және министрліктің атынан дәрігердің отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Бейбіт заманда медицина қызметкерлеріне көзқарасы бұрыс пациенттердің қолынан дәрігерлердің қаза тауып жатқаны үлкен трагедия", - деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ажар Ғиният дәрігердің отбасының қайғысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес екенін атап өтті. Үш баласы жетім, ата-ана ұлдарынсыз қалды, деді ол.
"Отандық медицина гастроэнтерология саласының дамуына үлес қосып, жүздеген науқасты емдеген білікті дәрігерден айырылды", - деп қосты Ғиният.
Министр, тергеу әділ жүргізіліп, қылмыскер тиісті жазасын алады деген сенімін білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, белгілі гастроэнтеролог Юрий Шумков 4 сәуір таңертең Алматының Бостандық ауданында қаза болды. Аталған дерек бойынша қаланың полициясы Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("кісі өлтіру") бойынша тергеу басталғанын растады.
Тергеу құпиясы сақталатынын ескеріп, Алматы полициясының баспасөз қызметі толық мәліметті ашпады. Соған қарамастан Sputnik Қазақстан тілшісінің дереккөзі қылмыс орнында не болғанын айтты.
"Күдікті Шумковтың пациенті екені анықталды. Дәрігер сәтсіз емдегендіктен, пациент оны өлтіруге бел буғанын айтты", - деді ақпарат көзі.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті бірден таксиге отырып, қашып кеткен. Көшедегі бейнебақылау камераларының көмегі арқылы жедел уәкілдер көлік маркасы мен мемлекеттік нөмірін анықтап, камералар арқылы оның қозғалыс бағытын қадағалады.
Полиция жасағы көлікті Шаңырақ шағын ауданында ұстады. Күдікті көлікте болған. Қазір ұсталған адамға қатысты қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.